НАҒЫЗ ЗИЯНДА БОЛҒАН АДАМ КІМ?
«Уа, Расулаллаһ! Адамдардың ең қайырлысы кім?» - деп сұралды. Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Алла жолында малымен, жанымен еңбектенгендер» - деді. (Сахих Бұхари)
Алла Тағала «Бақара» сүресінің 266-аятында былай деп айтады: «Сендердің біреулерің, астарынан өзендер шығатын: Құрмадан, жүзімнен әрбір жемістері бар бақшасы болса да өзіне кәрілік жетіп, нашар жас балалары болса, сонда ол бақшаны жалынды құйын келіп өртеп кетуін қалай ма? (Әрине қаламайды) Алла Тағала түсінерсіңдер деп аяттарын өстіп баян етеді».
Осы аяттың түсіндірмесінде былай делінген: «Осындай оқиғаға тап болған адам таң қалып, не істеу керектігін білмей қалады. Енді ол бақшаны қайта қалпына келтіруге шамасы келмейді. Себебі ол қартайған және оның балалары кішкентай болғандықтан әлсіз. Бұл адамның жағдайы мынаған ұқсайды; салих амал істеген адам, істеген амалына рия мен зұлымдық сияқты нәрселер араластырғаны үшін (қияметте) түңіліп, өкінеді. Ол адам қиямет күні амалдары сауапқа аса мұқтаж болған кезде, амалының жойылғанын көріп, бақшасын жоғалтқан адамдай таңырқайды.
Бірде Пайғамбарымыз (с.а.у.) сахабаларынан сұрады: «Муфлис» - нағыз зиянға ұшыраған адам кім екенін білесіз бе?». Олар: «Муфлис» - нағыз зиянға ұшыраған адам – түк ақшасы қалмаған, дәрменсіз адам» - деді. Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай деді: «Үмбетімде нағыз зиянға ұшыраған адам – бұл қиямет күні намаз, ораза, зекетімен келеді. Бірақ ол біреулерді ренжіткен, біреулерге жала жапқан, не біреулердің малын жеген, не қан төгіп, біреулерді ұрған. Сосын оның сауаптары осы кісілерге беріледі. Егер олардың құқықтары төленбестен бұрын сауабы таусылса, олардың күнәлары алынып, оған жүктеледі. Содан кейін ол тозаққа түседі».
Пенденің құқықтарына қатысты харамға мұқият болу, Алланың құқықтарына қатысты харамға қарағанда маңызды. Өйткені Алла Тағала ештеңеге мұқтаж емес және өте мейрімді. Адам болса кедей, мұқтаж және сараң болады.
Ғалымдар: “Егер адамның пайғамбар амалы сияқты амалы болса, бірақ мойнында бір адамға жарты тиындық борышы болса, оны төлемегенше жұмаққа кіре алмайды” - дейді.